ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда жоғалып кеткен ер адам 12 күннен бері таптырмай жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 1992 жылғы Нұрхат Ермекқали 18 наурыз күні сағат 18.00 шамасында Деркөл кентіндегі Северная 14-мекенжайынан шығып кетіп, содан үйіне оралмаған.
«Нұрхаттың бойы 170-175 см, шашы қысқа қара. Үстіне қою көк түсті күртеше, көк джинси шалбар, сұр кофта, аяғына қоңырқай аяқкиім киген. Ол бұрын да үйінен кетіп жүрген, қолында «Самсунг» маркалы телефоны болды. Егер қандай да бір ақпарат білген адам болса, 102, 8-711-2-98-45-30 нөміріне қоңырау шалу сұралады», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда ұзақ уақыт студенттерді алдаған алаяқтың ұсталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).