Орал қаласында жол апатынан екі адам қаза тапты, деп хабарлайды Kazinform.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 14 қараша күні кешкісін болды.
«Сағат 18.30-да айналма жолда «Венойл» жанар-жағармай стансасының тұсында 1990 жылғы жүргізуші «Лада Ларгус» автокөлігінің руліне ие бола алмай, қарсы бетке шығып кеткен. Сөйтіп 1988 жылғы жүргізуші айдап келе жатқан «DAF» жүк көлігімен бетпе-бет түйіскен. Салдарынан «Лада Ларгус» автокөлігінің жүргізушісіне қоса сонда отырған 1987 жылғы ер адам оқиға орнында көз жұмды. Мүрделер сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Қазіргі кезде ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда 54 жастағы ер адамның өліміне қатысты күдікті ұсталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).