ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында жол-көлік оқиғасынан скутер жүргізушісі көз жұмды.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 29 мамыр күні шамамен сағат 21.10-да Зачаган кентіндегі Қ.Жұмалиев пен С. Жақыпов көшелерінің қиылысында болды.
«Скутер «Ауди» автокөлігімен түйіскен. Салдарынан скутер жүргізушісі көз жұмды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде», - деп хабарлады ведомстводан.
БҚО денсаулық басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, жасы шамамен 30-35-тегі ер адам облыстық ауруханаға жеткізілген. Алайда алған жарақаттары салдарынан есін жимастан қайтыс болды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да босану кезінде көз жұмған әйелдің күйеуі полицияға шағым түсіргені туралы жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).