ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында 21 жастағы жүргізушінің жол ережесін 53 рет бұзғаны белгілі болды.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 6 тамыз күні Орал қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Suncar Smart Qorgau жүйесі арқылы жылдамдықты бірнеше рет арттырған «Hyundai» автокөлігін анықтап, жауапқа тартты.
«Тексеру кезінде 21 жастағы жүргізушінің облыс орталығының көшелерінде 53 рет жол ережесін бұзғаны анықталды. Құқық бұзушылық негізінен жылдамдық режимінен асып кетуге байланысты болды. Айыппұлдың жалпы сомасы 1 млн 300 мың теңгеге жетті. Айта кету керек, жүргізуші айыппұл сомасының 50 пайызын төлеп, қарызды жеңілдетілген тәртіппен өтеуге құқылы. Қазіргі уақытта автокөлік арнайы автотұраққа қамалды», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда көпір жөндеу кезінде 47 жастағы жүргізушінің өзенге құлап қайтыс болғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).