Оралда жол-көлік оқиғасын жасап, бой тасалаушылар көбейіп тұр
БҚО ІІД әкімшілік полициясы басқармасынан Нұртай Лезовтың хабарлағанындай, бұл оқиға 12 шілде күні сағат 19.20 шамасында орын алды. Белгісіз жүргізуші автокөлігімен М.Өтемісов атындағы БҚМУ тұсындағы реттелмейтін жаяу жүргінші өткелінде 1996 жылғы Ж-ны қағып кеткенімен қоймай, тоқтап, жәбірленушіге тіл тигізіп, содан кейін оқиға орнынан сытылып кеткен. Басы мен денесіне жарақат келген қыз бала облыстық клиникалық аурухана жарақат пунктінің көмегіне жүгінген.
Жедел іздестіру шаралары барысында «Лада Приора» автокөлігінің 1989 жылғы С. деген жүргізушісі ұсталды. Қазіргі кезде материал толтырылып, Орал қаласы мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды. Жүргізушіге жол-көлік оқиғасын жасағаны үшін 15 АЕК көлемінде айыппұл салынуы немесе 1 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылуы мүмкін. Оған қоса оқиға орнынан бой тасалағаны үшін 1 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы тағы бар.
Айта кетейік, Орал қаласында өткен шілде айында бұрын көлік құралын басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, материалдық залалға соқтырған жол-көлік оқиғасын жасап, бой тасалаған жүргізушілердің қатысуымен 5 оқиға тіркелді. Мысалы, 17 шілде күні «ВАЗ» көлігін айдаған біреу артқа берген кезде «Москвичи» жанар-жағар май стансасында тұрған «ВАЗ-21099» автокөлігін қағып, сосын ізін суытқан. Іздестіру шаралары барысында «табылған» жүргізуші Анатолий Трукшин Орал қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен 30 тәулікке қамалып, 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Сол секілді оқиға орнынан бой тасалаған 1985 жылғы М. мен 1978 жылғы К. деген екі жүрізуші де 30 тәулікке қамалып, 20 АЕК көлемінде айыппұл «арқалады». Тағы екі жүргізушіге оқиға орнын тастап кеткені үшін 100 АЕК, жол-көлік оқиғасын жасағаны үшін 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды.