Оралда жол полициясы қызметкері жаяу жүргіншіні қағып кеткен жүргізушіні ұстады

None
ОРАЛ. 27 желтоқсан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - 27 желтоқсан күні 11 сағат 40 минутта Орал қаласының Құрманғазы мен Темір Масин көшелерінің қиылысында ВАЗ-21099 автокөлігі 1962 жылғы Нұрлан Дүйсенғалиевті қағып өтіп, оқиға орнынан бой тасалаған.

Облыстық жол полициясы басқармасының баспасөз қызметінен хабарлағанындай, жаяу жүргінші басынан жарақат алып, облыстық ауруханаға жеткізілген. Аталмыш автокөлікті ұстауға жеке құрам жұмылдырылды. 12.00 сағат шамасында Сырым Датұлы көшесі бойындағы «Променад» сауда үйі маңында жол полициясы взводының командирі, капитан Мұсағали Бектұрсынов жүргіншіні қағып кеткен автомобильді тоқтатып, 1985 жылғы Н. деген жүргізушіні қолға түсірді.

Биылғы он бір айда облыста осындай 139 оқиға болып, соның салдарынан 27 жаяу жүргінші қаза тауып, 117-сі түрлі жарақат алды, бұл 2010 жылғыдан едәуір көбейіп кетіп отыр (өткен жылы осы мерзімде - 93 оқиғадан 17 адам мерт болып, 79-ы жарақаттанған еді).