Оралда жол жөндеу кезінде кемшіліктер анықталды
ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласына қарасты Зачаган кентінде жол жөндеу кезінде мердігер тарапынан кемшіліктерге жол берілген.
БҚО қоғамдық кеңесінің мүшесі, заңгер Бауыржан Ахметжанның Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлім еткеніндей, аталмыш кентте бас-аяғы 38 көше асфальттанады. Мердігер бұл жұмысты 1,2 млрд теңгеге атқарады.
Оның сөзіне қарағанда, өткен жылдың 30 мамырында Зачаган кентінің әкімі Аққали Әубекеров пен «Айдана» ЖШС директоры Армен Амирханян арасында келісім-шартқа қол қойылған.
Жоба құны — 1 млрд 199 млн 923,580 мың теңге. 38 көшеге немесе 24 шақырымға тас жабынмен қаптау тәсілімен (АНТ) жол салу жоспарланған.
— Күні бүгінге дейін 17 көшеге немесе 12 шақырымға жол төселіп, мердігерге 689,2 млн теңге төленген. Бұдан бұрын «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК БҚО филиалы мамандары жүргізген тексеріс кезінде асфальттың жарылуы, битумның жол бетіне шығуы, жабынның отыруы, бұзылуы, үгілуі, сызық түсу, асфальтты дұрыс таптамау, кейбір учаскелердегі асфальт қалыңдығының кемдігі сияқты кемшіліктер анықталған екен. Жол салынып жатқан «Сарытау» шағынауданы тұрғындарынан арыз түскеннен кейін мамандармен бірге қоғамдық бақылау жүргіздік. Соның барысында алынған керннің мөлшері нормаға сай болды, — дейді Б.Ахметжан.
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК БҚО филиалының бөлім басшысы Дәурен Әміровтің нақтылауынша, орталық қызметкерлері жол салу кезіндегі жұмыстар мен материалдардың сапасына іріктемелі сараптама жасау мақсатында Зачаган кентіндегі ағымдағы жөндеу нысанына 10 рет тексеріс жүргізді.
— Соның барысында 10 ақау анықталды. Атап айтқанда, технологиялық талаптар сақталмаған, жол жабындысының жоба бойынша геометриялық параметрлерінен ауытқуы және басқа кемшіліктер байқалды. Оған қоса 15 жол-құрылыс материалы зертханамызда сыналды. Соның ішінде біреуі (асфальтбетон қоспасының гранулометриялық құрамы, физикалық және механикалық сипаттары) нормативтік құжаттамаларға сай болмай шықты, — деді бөлім басшысы.
Маманның түсіндіруінше, жол құрылысында ортақ проблемалар бар. Мысалы, тапсырыс беруші тарапынан жұмыстар мен материалдардың сапасын сараптауда қаржы аз көлемде бөлінеді, ол жоба құнының бір пайызына да жетпейді.
Мердігер ұйымдардың жүктемесіне келсек, бір компанияға 7-10 жобадан келеді, соның салдарынан техниканың жетіспеушілігі байқалады.
Кестенің мерзімі сақталмай, құрылыс-монтаж жұмыстары күзге дейін созылады.
— Мердігер ұйымдардың көпшілігінде асфальтбетон зауыты жоқ. Сондай-ақ жол зертханалары құрылыс нысанында болмағандықтан, асфальт төсеу технологиясы (температура) бұзылады. Мердігер ұйымдардың көпшілігі жаңадан жөнделген учаскелерді бұза отырып, ауыр жүк техникаларын қолданады. Техникалық қадағалау маманын бір жобаға бекіту жүйесі жоқ. Техникалық қадағалау маманы бір мезгілде бірнеше жобаға бекітілетіндіктен, тиісті бақылау да болмай жатады, — деді Д.Әміров.
Зачаган кенті әкімінің орынбасары Асылжан Хайруллиннің хабарлауынша, қазіргі таңда 38 көшенің 25-іне асфальт төселген.
— АНТ тәсілімен кентіміздің тек қысқа, қоғамдық көлік қатынамайтын, жүк көліктері жүрмейтін жүрмейтін көшелеріне жол салынуда. Жұмыс барысында пайда болған кемшіліктер және талапқа сай келмейтін жұмыстар толық жойылып, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» мамандары қайтадан тексеріп, қабылдап алады. Сонымен қатар мердігер келісімшартқа сәйкес салынған жолдарға үш жылға кепілдік береді. Жалпы, кенттегі 170 көшенің 79-ында асфальт жабындысы жоқ. Басқа магистральді, көлік қозғалысы көп көшелерге арнайы жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, жұмыстар жүргізіледі, — деді А.Хайруллин.
Зачаган кентіндегі Гүлзар көшесінің тұрғыны Ренат Федянин жол құрылысына алаңдайтынын білдірді.
— Біздің көше тұрғындары отыз жылдан астам уақыт бойы жол азабын тартып келеді. Биыл 38 көшенің қатарына енгеніне шүкірлік етеміз. Асфальт саламыз деп жолды қыру жұмыстары басталды. Енді тек созылып кетпей, жолдың сапалы салынғанын қалаймыз, — деді Р. Федянин.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жаңбырлы күні жолға асфальт төселгенін жазған едік.