ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында 11-14 наурыз аралығында өтіп жатқан «Мигрант» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы барысында бір күнде 29 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, олардың бәрі Қазақстанда болу ережесін бұзған.
Соның ішінде сегізі мәжбүрлі түрде елден шығарылды. Сондай-ақ іздестірілуде жүрген 2 күдікті ұсталды.
— Орал қаласы полиция басқармасы көші-қон қызметі бөлімінің инспекторлары көші-қон заңнамасын бұзу дерегін анықтады. Атап айтқанда, 34 жастағы шетелдік азамат өзінің Chevrolet Lacetti автокөлігімен Орал қаласы аумағында жолаушы тасымалдаумен заңсыз айналысқан. Такси қызметін мобильдік қосымша арқылы көрсеткен. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 517-бабы 5-бөлігіне сәйкес хаттама толтырылды. Сот шешімімен шетелдік азамат елден шығарылды, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да ауыл тұрғыны үйінде есірткі зертханасын жасағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).