ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында №35 бағытта қатынайтын жолаушылар автобусы өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Арайлым Ғанидың айтуынша, оқиға 16 қараша күні кешкісін Әбілқайыр хан даңғылы бойында Циолковский аялдамасы маңында болды.
101 нөміріне хабар сағат 18.09-да түскен. Автобустың артқы дөңгелегі мен салоны ішінара жанған. Өртті сөндірумен 5 адам және 1 арнайы техника айналысты.
«Тілсіз жау» 18.24-те оқшауланып, 18.48-де ауыздықталды.
«Зардап шеккендер жоқ», - деді А.Ғани.
Жолаушылардың сөзіне қарағанда, түтіннің исі шыққаннан кейін автобус тоқтап, олар сыртқа шығып үлгерген.
Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, келтірілген шығын және кінәлі адамдар анықталу үстінде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).