ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Орал қаласында сағат шамамен 08.40-та жолаушылар тасымалдайтын екі автобус соқтығысты, зардап шеккендер бар, деп хабарлайды оқиға орнынан «ҚазАқпарат» тілшісі.
Шаған өзенінен өтетін көпірге жақын жерде, Зачаган кенті жақтан келе жатқан №7 және №5 бағыттарда жүретін қос автобус түйісті.
Адамдар жұмысқа баратын қарбалас уақыт болғандықтан, автобустың іші лық толы еді. Зардап шеккен жолаушыларға көмек көрсету үшін жедел жәрдем қызметінің екі бірдей бригадасы келді. №7 автобус жүргізушісі қатты жарақат алған.
Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).