ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда жолдың қарсы бетіне шыққаны үшін 80-ге жуық жүргізуші куәлігінен айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, жолдың қарсы бетіне шыққаны немесе кері бұрылғаны үшін жүргізушілер ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 596-бабы 4-бөлігіне сәйкес алты ай мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылады.
Орал қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен жыл басынан бері 79 жүргізуші осындай жауапкершілікке тартылды.
Егер осындай құқықбұзушылықты қайтадан жасаса, 50 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Орал қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы, полиция майоры Динара Әбділқалықованың айтуынша, шаһарда биылғы бес айда 38 жол-көлік оқиғасы болып, соның салдарынан 10 адам қаза тапқан. 41 адам түрлі жарақат алды.
Облыс бойынша бес айдағы жол апаттарының саны 98-ге жетіп, 31 адам көз жұмды. 111-і жарақаттанды.
Жолдың қарсы бетіне шығып кету де апатты оқиғаларға апарып соқтыратыны белгілі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).