Оралда жөндеуге байланысты көше мен автокөпір жабылды
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында жол жөндеуге байланысты көше мен «Омега» зауыты ауданындағы автокөпір жабылды.
Орал қаласы әкімдігінен мәлім еткеніндей, А.Тайманов көшесінде 18 шілдеден бастап 22-сіне дейін М.Мәметова көшесінен Х.Есенжанов көшесіне дейінгі жол бөлігін жөндеу жоспарлануда.
«Соған байланысты жолдың аталған бөлігі мен көпір автокөліктер, соның ішінде қоғамдық көлік қозғалысы үшін уақытша жабылды. Қоғамдық көліктер Н.Чуриков көшесі, Д.Карбышев көшесі, Депо ауданындағы автокөпір, Ә.Молдағұлова көшесі арқылы уақытша қатынайтын болады. Биыл қала көшелерінде орташа жөндеу бойынша 6 жоба аяқталған. Үшеуінде жұмыс жүргізіліп жатыр. Көше жолдарын жөндеу ісі қалаға қарасты Зачаган және Деркөл кенттерінде де атқарылуда», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласының бір бөлігінде газ беру уақытша тоқтатылатынын жазған болатынбыз.