Оралда жүк көлігі қағып кеткен 5 жасар бала жансақтау бөлімінде жатыр
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында «КамАЗ» жүк көлігі кішкентай баланы қағып кетті.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 21 сәуір күні кешкісін Зачаган кентіндегі Е.Брусиловский көшесі бойында «Сүйініш» дүкені маңында болды.
«КамАЗ» жүк көлігі белгіленбеген жерден жолдан жүгіріп өтіп бара жатқан 5 жасар ұл баланы қағып кеткен.
— Жол апаты салдарынан бала көптеген жарақатпен облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілді. Қазіргі кезде оқиғаның мән-жайы анықталуда, - деп хабарлады ведомстводан.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, биыл жазда алты жасқа толатын баланың жағдайы ауыр. Күні бүгін жансақтау бөлімінде ем алып жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жол апатынан екі оқушының көз жұмғанын жазған болатынбыз.