ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда жүк көлігіне соғылған алты жасар бала ауыр халде жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің айтуынша, оқиға 11 сәуір күні сағат 13.30 шамасында Екінші база ауданында болған.
«КамАЗ» жүк көлігі ұзын тіркемесімен бұрылып жатқан мезгілде алты жасар бала велосипедімен артқы доңғалағына соғылып, ұшып кеткен. Бала дүкеннен келе жатқан.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының нақтылауынша, бала қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілген. Қазір ауыр халде, жансақтау бөлімінде жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 22 жастағы жігіттің көлікпен өзенге батып кеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).