ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында медбике келіншекті автокөлікте босандырып алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрданат Беркінғалидың айтуынша, оқиға 19 қаңтар күні түстен кейін болған.
Облыстық наркологиялық диспансерге келген автокөліктің ішінде 25 жасар жүкті келіншек болған. Жағдай күтпейтін болғаннан кейін оны медбикеге автокөлік ішінде босандыруына тура келген. Жедел көрсетілген көмек нәтижесінде шақалақ аман-есен дүниеге келген.
«Ана мен сәби қазір қалалық көпбейінді ауруханада. Екеуінің де жағдайы жақсы», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Нұрданат Беркінғали.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).