ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында 47 жастағы жұмысшының жаяу көпірден Шаған өзеніне құлап, мерт болуына байланысты тергеу жүргізілуде.
БҚО еңбек инспекциясы бойынша басқармадан түскен мәліметке қарағанда, жұмыс беруші мекеме – «Батыс Ақжол Строй» ЖШС-дан металл конструкциялары монтаждаушысының жазатайым қазаға ұшырағаны жөнінде хабарлама түскен.
«Осыған байланысты басқарма жазатайым оқиғаны арнайы тексеру үшін комиссия құрады. Оқиғаның мән-жайы мен себеп-салдары анықталатын болады», деп хабарлады ведомстводан.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі қазіргі кезде аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда көпір жөндеу кезінде 47 жастағы жұмысшының өзенге құлап, қайтыс болғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).