ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қалалық сотының 5 мамыр күнгі үкімімен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бұрынғы басшысы Айгүл Төкешева ҚР ҚК 189-бабы 3-бөлігі 2-тармағына сәйкес (сеніп тапсырылған мүлікті рәсуалау және жымқыру) айыпты деп танылып, оған мүлкін тәркілеумен бірге 600 АЕК көлемінде (1 189,2 мың теңге) айыппұл салынды.
Орал қалалық сотынан түскен мәліметке қарағанда, ол сонымен қатар өмір бойына мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылды.
Сот талқысында белгілі болғанындай, А.Төкешева қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы қызметін атқара жүріп, белгілі бір тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығы директорының орынбасары С. және қызметкерлері Н. мен Б-ның әлеуметтік көмекке мұқтаж жандар санатына жатпайтынын біле тұра, оларды әлеуметтік көмек алуға өтініш білдіргендердің тізіміне қосуға заңсыз нұсқау берген. Кейін олардың есепшотына түскен қаржы қолма-қол ақшаға айналдырылып, А.Төкешеваға беріліп отырған.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).