Оралда жүргізушілер сұйытылған газ тапшылығына тап болды

Фото: Ғайсағали Сейтақ

ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласындағы автогаз құю стансаларында кезек қалыптасты. Автокөлік жүргізушілері өңірде сұйытылған газ тапшылығының жыл сайын осылай қайталанатынын жеткізді.  

БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мирас Мүлкәйдің Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, биылғы екінші тоқсанға сұйытылған мұнай газ жеткізу жоспарына сәйкес облыс үшін «Жайықмұнай» ЖШС көздерінен маусым айына 3 545 тонна қарастырылған.

Мирас Рүстемұлының сөзіне қарағанда, 14 маусымнан 24 шілдеге дейін Павлодар мұнайхимия зауытын жоспарлы жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Соған байланысты ҚР Энергетика министрлігімен өңірлердің бір бөлігі аумақтық ерекшеліктеріне қарай зауыттарға қайта бөлінген. Негізгі жоспардың орындалуы – 100 пайыз.

Басқарма басшысының айтуынша, 21 маусымда ҚР Энергетика министрлігі аймақтағы сұранысты қанағаттандыру үшін «Жайықмұнай» ЖШС көздерінен қосымша 324 тонна сұйытылған мұнай газын бөлді. Сондай-ақ 23 маусымда «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-дан темір жол көлігімен қосымша 468 тонна қарастырылды. 

– Қазіргі кезде сұйытылған газды облыс субъектілеріне жөнелту басталды. Бүгінге 200 тонна жоспарланған. Оған қоса «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-дан 26 маусым күні Батыс Қазақстан облысы үшін 7 вагон немесе 256 тонна сұйытылған мұнай газы жөнелтілмекші. Таяуда облыстың ішкі нарығында жағдайды тұрақтандыру көзделіп отыр, - деді М.Мүлкәй.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда сұйытылған газ тапшылығы туындағанын жазған едік.

Сондай-ақ жүргізуші Оралда автогаздың бірде бар, бірде жоқ екені туралы айтты.