Оралдағы базардан заңсыз саудаға түскен 8 мыңнан астам қорап темекі өнімі тәркіленді

Фото: БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті

ОРАЛ. KAZINFORM – БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің аумақтық бөлімшелері жүргізген рейдтік іс-шаралар барысында «Мирлан» базары мен «Аяжан» сауда үйі аумағында сәйкестендіру құралдары мен есепке алу-бақылау маркалары жоқ темекі өнімдерін заңсыз сату деректері анықталды.

БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, тексеру нәтижесінде 8 236 қорап акциздік өнім тәркіленді.

Фото: БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті

- Анықталған деректер бойынша әкімшілік іс материалдары түзіліп, процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Департамент есепке алу-бақылау маркаларынсыз темекі өнімдерін сату ҚР заңнамасының бұзылуы болып есептелетінін еске салады. Заңнама бұзғандар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес жауапқа тартылады. Тұрғындарға айтарымыз, тек заңды өнімді сатып алу керек. Бұл – адамдардың денсаулығы үшін маңызды, - деп хабарлады ведомстводан.

Фото: БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО шекарасында 2 500 қорап темекі өнімдері заңсыз тасымалдаудың жолы кесілгенін жазған едік.