Оралдағы «Береке» ЖШС балмұздақ шығаратын жаңа желіні іске қоспақ (ФОТО)

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласындағы байырғы кәсіпорындардың бірі «Береке» ЖШС балмұздақ шығаратын жаңа желіні іске қоспақ.

Кәсіпорын директоры Қымбатбек Айдаровтың айтуынша, қазіргі кезде құны 400 миллиондай теңге тұратын итальяндық жабдық орнатылып, цехта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қажетті инфрақұрылым тартылған. Алдағы айда жабдықты монтаждау басталады. Жаңа желі тәулігіне 8 тонна балмұздақты шығара алады және осынау тәтті өнімнің жиырмадай түрі жасалмақ. Балмұздақты Батыс Қазақстанмен қатар Атырау, Маңғыстау облыстарына жөнелту ойластырылуда.

Мемлекет өндірісті жаңғырту жобасын банк несиесін демеуқаржыландыру жолымен қолдады.

«Береке» ЖШС-да қазіргі кезде 200-дей адам еңбек етеді. Дағдарыс кезіндегі қиындықтарға қарамастан, кәсіпорын қаладағы және аудандардағы өндіріс орындарын мүмкіндігінше сақтап отыр.

Негізінен сүт өнімдерін шығарумен аты шыққан кәсіпорындағы басты мәселе - шикізаттың жетіспеушілігі. Соның салдарынан өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары ауысымына 150 тонна сүт өнімдерін шығаратын «Береке» қазір 20-30 тоннамен шектеліп отыр. Шикізат облыстың Теректі, Зеленов, аз ғана бөлігі Тасқала ауданынан және Ресейден алынады. Қыста шикізаттың 40 пайызын құрғақ сүт құрайды. «Өңірде сауын сиырлардың күрт азайып кеткені үлкен қолбайлау болып отыр. Бізбен бір экономикалық кеңістіктегі Беларусь елінде осы саладағы тауар өндірушілерге айрықша қолдау көрсетіледі. Оларда қазіргі заманғы технологиялар негізінде жаңадан тауарлы сүт фермалары ашылуда. Сондықтан сүт шаруашылығын қолдауға баса көңіл бөлген жөн», - деді Қ.Айдаров.

Айта кетейік, «Берекенің» іргесі өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары қаланған.