ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралдағы Еуразия даңғылы Абай даңғылы болып өзгерді. Бұл туралы шешім бүгін облыстық мәслихаттың кезектен тыс 37-сессиясында қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшардың мәлім еткеніндей, аталған мәселе депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тапты.
БҚО әкімдігі мен облыстық мәслихаттың бірлескен қаулысы мен шешімі тіркеу үшін облыстық әділет департаментіне жолданды.
Осылайша Оралдағы орталық даңғылдың бірі ұлы ақынның есімімен аталатын болды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралдағы орталық даңғылдардың біріне Абайдың есімін беру ұсынылғанын, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова атындағы көше ашылғанын жазған болатынбыз .
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).