Оралдағы коллекторды жаңартуға ел бюджетінен қаражат бөлінеді

None
ОРАЛ. 30 наурыз. ҚазАқпарат - Соңғы жылдары Орал қаласындағы коллектор жиі сынып, апатты жағдай орын алып келеді.

Осы аптаның басында Әбілқайыр хан мен С.Тюленин көшелерінің қиылысында кәріз құбыры жарылды.

Облыс орталығын сумен қамтып және кәріз жүйелерін қадағалап отырған «Батыс су арнасы» ЖШС-ның қарауында 343 шақырымды құрайтын ауыз су және 354 шақырымдық кәріз жүйесі құбыры бар. Соның денінің тозығы жеткен. Істен шыққан аталмыш құбыр өткен ғасырдың 70-жылдары салынған, яғни пайдалану мерзімі толық біткен.

«Батыс су арнасы» ЖШС-ның директоры Асылбек Саққазовтың сөзіне қарағанда, қала бойынша апатты жағдайда тұрған үш кәріз жүйесі бар. Соның бірі - осы жер. Бұл жердегі 220 метр құбыр жаңартуды қажет етеді. Қазір оның 25 метр бөлігіне полиэтилен құбыры салынды. Оған қоса, құбырды салу барысында қазылған шұңқырдың қабырғалары құлап, топырақ құбырды басып қалды, бұл қосымша қиындықтарды туғызды. Осы жағдайға байланысты 28 наурызда Әбілқайыр хан даңғылы мен С.Тюленин көшесі бойындағы елу шақты көп қабатты және жеке сектордағы үйлерге су беру 5-6 сағатқа тоқтатылды. Апатты ауыздықтау үшін әрқайсысы сегіз адамнан тұратын үш бригада, оған қоса үш экскаватор, екі кран, «КамАЗ» және апатты жоюға арналған үш-төрт жүк көлігі тәулік бойы жұмыс істеді.

Апатты жағдайға байланысты облыс басшылығы Үкіметтен шұғыл түрде көмек сұрауға мәжбүр болды. Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Мерген Мағутовтың айтуынша, таяуда өткен Үкімет отырысында бұл мәселе қаралып, жоғарыда көрсетілген соманың тоқсан пайызы республикалық бюджеттен жуық арада бөлінетін болды. Ал қалған он пайызы жергілікті қазынадан қаралмақ. Яғни бір-екі аптаның көлемінде Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы 220 метр құбырды жаңарту жұмыстары басталмақшы. Сондай-ақ апатты жағдайда тұрған Жәңгір хан көшесіндегі және Еуразия даңғылы мен Есқалиев көшесі қиылысындағы коллекторларды да жаңартуға биыл республикалық бюджеттен 691 млн. теңге бөлінеді деп жоспарланып отыр.