деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Орал су арнасы» МКК директоры Асқар Жәнібековтің айтуынша, биыл құбыр, кәрізді қысқа дайындау, жөндеу жұмыстары толық орындалды. Су құбырының төрт жүз шақырымы тазаланды, алты шақырымнан асатын кәріз желісі ауыстырылды. Соңғы кезде Орал қаласындағы коллекторда апатты жағдай жиі орын алғаны белгілі. Биыл да облыс әкімінің қолдауымен бөлінген қаржыға «Альтаир» ЖШС Еуразия даңғылы бойындағы 2 шақырымдық желіні жаңа пластикалық құбырға ауыстырды. «Жол картасына» сәйкес әбден тозған құбырларды жаңартуға бес жыл бойы 60 млрд. теңге бөлу көзделіп отыр. Яғни құбыр ауыстыру жұмысы жыл сайын жалғаса бермек.
«Жайықжылқуат» АҚ-ның техникалық директоры Захат Қуанышқалиевтің мәліметіне қарағанда, білім беру, денсаулық сақтау және басқа әлеуметтік нысандардың 99 пайызы қысқа әзір. Кәсіпорында жөндеу жұмыстарына 117,78 млн. теңге қаралған. Алайда «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-дан алынатын газ үшін ғана «Жайықжылуқуаттың» бережағы 600 млн. теңгеге жеткен. Бұл мәселені Орал қалалық мәслихатындағы «нұротандық» депутаттар фракциясы назарға алып, кәсіпорынды қарыздан құтқарар жолды іздестірмек. Сондай-ақ қаладағы барлық инженерлік желіні жаңарту, апатты жағдайдағы үйлерді жөндеу де күн тәртібіне қойылып отыр. Жалпы, қаладағы көпқабатты үйлердің әзірге 40 пайызы ғана дайындық құжатын алған. Соңғы кезде ешқандай ЖПИК құрамына енбейтін көпқабатты үйлердің көбеюі алаңдатады. Қала әкімінің орынбасары Владимир Дремасовтың жеткізгеніндей, осындай үйлер тұрғындарымен жүргізілген жұмыс нәтижесінде 82 «иесіз үйдің» қазір 42-сіне «қожайын» табылған. Бұлар да жылыту маусымы басталғанша қатарға қосылатын болады.