ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласы көші-қон полициясы қызметінің бастығы Қанат Мұқанов пара алды деген күдікпен қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО сотының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, Орал қаласы мамандандырылған тергеу соты БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Ерлан Құлжановтың Қ.Мұқановқа қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын екі айға санкциялау туралы өтінішхатын қарап, қанағаттандырды.
Соттан түскен мәліметке қарағанда, 43 жастағы Қ.Мұқанов ҚР ҚК 366-бабы 1-1-бөлігіне (пара алу) сәйкес күдікке ілініп отыр.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметі аталған қылмыстық істің БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен тергеліп жатқанын жеткізді. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексі 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).