ОРАЛ. ҚазАқпарат - Облыс әкімі Алтай Көлгінов Орал қаласындағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе көшесінде Ружейников көшесінен Кузнечнаяға дейін жол күрделі жөнделуде. Мердігер ұйым «Түркістан Жол Сервис» ЖШС жұмысын сапалы әрі мерзімінен бұрын орындауда.
Сол секілді Орал қаласында Депо көпірі қайта салынып жатқаны белгілі. Құрылысы екі жылға есептелген көпір биыл пайдалануға берілмекші. Содан кейін «Омега» зауыты ауданындағы осындай көпір бұзылып, қайта салынады. Депо көпірін қайта құру жұмыстарын «КА-Строй LTD» ЖШС жүргізуде.
М.Мәметова атындағы көше бойымен осы Депо көпіріне дейінгі аралықтағы жол күрделі жөнделу үстінде. Мұнда да жұмыстың басым бөлігі атқарылған.
Қалада жылу магистральдарын қайта құру жұмыстары биыл да жалғасуда. Бұл жолы Әбубәкір Кердері және М.Мәметова атындағы көшелерде жылу құбырлары салынуда. Мұны «Уральскводстрой» ЖШС атқаруда.
Нысандарды аралаған кезде өңір басшысы жұмыстар кезінде жергілікті құрылыс материалдарының пайдаланылуына ерекше мән берді. Сонымен қатар құрылыс нысандарын мерзімінде әрі сапалы тапсыру керектігін атап көрсетті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).