Оралдағы мамандандырылған ХҚО автодромында жаңа GPS жүйесі іске қосылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралдағы мамандандырылған ХҚО автодромында жаңа GPS жүйесі іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Орал қаласындағы мамандандырылған ХҚО автодромын жаңарту жұмыстарын жүргізді. Мұнда практикалық емтихан тапсыру үшін GPS жүйесі орнатылды.

«Азаматтарға арналған үкімет» МК БҚО филиалының директоры Нәдір Құрымбаевтың айтуынша, енді практикалық емтихан барысында бұрынғыдай магнит датчиктері пайдаланылмайды, барлық дерек спутник арқылы жеткізіледі.

Оның сөзіне қарағанда, бұрын автокөлік жүргізу барысындағы ережеге сәйкес берілетін балды есептейтін құрылғы ескіріп, қайта-қайта істен шыға беретін. GPS технологиясы барлық ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді, емтихан тапсырушының қай жерде қателескені және себебі ситуациялық орталыққа бірден жолданады.

«Бұрын датчиктер бампердің астына орнатылған болатын, егер көлік соғылса, ол бірден істен шығатын. Енді қажетті жабдықтар салонның ішіне қойылды. Сондықтан жеңіл соқтығыс болса да, көлік қозғалысы туралы ақпарат еш ақаусыз алынады», – деді ҚазАқпарат тілшісіне Нәдір Құрымбаев.

Жаңа жүйенің нәтижесінде мамандандырылған ХҚО автодромы күніне шамамен 30-40 курсантты қабылдайды деп жоспарлануда.

2022 жылы Орал қаласындағы мамандандырылған ХҚО арқылы 76 мың мемлекеттік қызмет көрсетілді. Соның ішінде 35 661 көлік тіркеліп, 39 669 жүргізуші куәлігі берілді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда қандас мәртебесін алушылар қатары көбейгенін жазған болатынбыз.

Сурет: «Азаматтарға арналған үкімет» МК БҚО филиалы.