Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебі шәкірттері Шымкенттен жеңіспен оралды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебі командасы Шымкент қаласында мәреге жеткен желілік олимпиададан жеңіспен оралды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.


Аталмыш мектептің баспасөз хатшысы Ақмоншақ Жұмаеваның айтуынша, гуманитарлық пәндер бағытындағы бұл олимпиадаға еліміздегі 20 зияткерлік мектептен 250-ден аса оқушы қатысты. Әр өңірдегі зияткерлік мектептердің білімі терең, ойы ұшқыр оқушылары бас қосқан мықтылардың білім жарысында Орал қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебінің шәкірттері 10 жүлделі орынмен командалық есепте жеңімпаз атанды. Сөйтіп олар қоғамдық-гуманитарлық пәндер бойынша «Үздік олимпиадалық мектеп» атағын иеленді.

 

Жекелеген пәндер бойынша Варвара Качало қазақ тілінен, Данияр Арыстанов орыс тілі мен әдебиетінен, Айша Тұяқова ағылшын тілінен бірінші орынды еншіледі. Оған қоса Жансая Метенова қазақ тілінен, Сабина Айғараева орыс тілінен, Талғат Сағынтаев Қазақстан тарихынан, Аружан Әнуарова мен Әзім Нұрберген құқық негіздерінен екінші орынға көтерілді. Ал Айдана Әбдешова ағылшын және Райымбек Мақсотов Қазақстан тарихы бойынша үшінші орынға табан тіреді.

Осы олимпиада жаратылыстану-математика бағыты бойынша Алматыда өткізілді. Бұл бағыт бойынша информатика пәнінен Батырхан Әбуханов екінші, Ержан Жамашев үшінші жүлдені қанжығаларына байлап қайтты.