Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебін 170 түлек бітіріп отыр (ФОТО)
Оған қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, Назарбаев зияткерлік мектебі биылғы оқу жылын жақсы табыстармен аяқтап отыр. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі ширек ғасыр ішінде білім саласы да қарқынды дамып, алға басты. Соның ішінде Астанада ғана емес, өңірлерде де жаңа тұрпаттағы Назарбаев зияткерлік мектептері бой көтеріп, білімнің даңғыл жолы ашылды. Жоғары деңгейде білім алып, үш тілді меңгере білген мектеп түлектерінің ел тәуелсіздігін нығайтуға өз үлестерін қосатыны анық. Өйткені Елбасымыз атап өткеніндей, білімді жастар - тәуелсіздік тірегі.
Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Шолпан Қадырованың сөзіне қарағанда, өткен жылы республикалық робот техникасы олимпиадасының екі дүркін жеңімпазы атанған Әділет Бекетов пен Ербол Абай қазақ-британ техникалық университетінің білім грантын иеленді. Бұдан басқа да білім, спорт, өнер сайыстарында мектеп шәкірттері алған асулар аз емес. Жалпы, мектепте 578 оқушы білім алса, соның 335-і қазақ, 243-і орыс тілінде сабақ беретін сыныптарды аяқтады. Оларға 108 педагог дәріс берсе, соның 10-ы - шетелдік мұғалімдер. Биыл мектепті 170 (сегіз сынып) түлек бітірсе, соның төртеуі «Алтын белгіден», 18-і ерекше аттестаттан үміткер. Төрт оқушы шетелдік оқу орындарының гранттарына қол жеткізді.
Өңір басшысы А.Көлгінов сондай-ақ БҚО дарынды балаларға арналған қазақ-түрік мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты мен эстетикалық бағыттағы мектеп-гимназияда болып, түлектерді құттықтады.
Айта кетейік, облыс бойынша биыл мектептерді 4514 шәкірт тәмамдаса, соның 3416-сы немесе 75,6 пайызы ҰБТ-ға қатысуға тілек білдірді. 192 түлек «Алтын белгіден», 79-ы ерекше аттестаттан үміткер болып отыр.