ОРАЛ. 12 қараша. ҚазАқпарат - Таяуда Оралдағы облыстық орталық мешітке Алматыдан үш дін маманы келмек. Бұл туралы аудан және ауыл имамдарының діни сауаттылығын жетілдіруге арналған апталық оқудың ашылуында 11 қараша күні ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы Руслан Сұлтанов мәлім етті.
Имамның айтуынша, олардың екеуі - сонау Мысыр еліндегі бүкіл ислам әлеміне танымал «Әл-Азхар» университетінің түлектері, шығысқазақстандық, 30 жастағы Мұратбек Қыстаубаев пен шымкенттік 26 жастағы Әсет Раманқұлов. Сонымен қатар жергілікті имамдардың білімі мен біліктілігін арттыру күн тәртібінен түспейді. Мұндай оқу бұдан бұрын да ұйымдастырылған болатын. Білімді имамдар халық арасында дәстүрлі Әбу Ханифа мәзһабын ұдайы насихаттап, теріс ағымдағыларға лайықты тойтарыс бере алады. Халықтың сауатын ашып, адамдардың бойында имандылық негіздерін қалыптастырмақ.
Облыстық дін істері департаментінің басшысы Талғат Нығметтің сөзіне қарағанда, жаңа курстың бір айырмашылығы, енді кәсіпқой имамдармен қатар, оған ел ішіндегі әуесқой молдалар да шақырылады. Өйткені қазір өңірде 360 әуесқой молда бар. Сондай-ақ оқу барысында дін иелері тек қасиетті Құран-Кәрімнің негіздерін, араб тілін меңгеріп қана қоймай, психология және риториканы да оқып, үйренеді. Бұл имамдардың елмен тез де толымды тіл табысып кетуіне жәрдемдеспек.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).