Қазақстандағы, соның ішінде Оралдағы татар диаспорасы - тарихи тамыры тереңге кететін ерекше қауым. Қазан төңкерісінен бұрын қазақ даласына өнер-білім һәм дін шашқаны өз алдына, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның экономикасы мен мәдениеті де татар ұлтынан шыққан бірегей тұлғалардың еңбегімен еселеніп отыр. Бүгінде Орал қаласында татар ұлттық мәдени орталығы, Ғабдолла Тоқай атындағы музей жұмыс істейді.
Ғабдолла Тоқай музейінің директоры Марат Багаутдиновтің айтуынша, Оралдағы татарлар арасынан ұлт мақтанышына айналған әйгілі адамдар көп шыққан. Татар әдебиетінің классигі, татар әдеби тілінің негізін қалаушы Ғабдолла Тоқай дәл осы Орал қаласында қалыптасты. Тоғыз жасында туыстарын сағалап келген жетім бала 21 жасында Оралдан Қазанға аттанғанда, бүкіл түркі халқы мойындап үлгерген ақын, журналист, ағартушы болатын. Татардың әдеби тілі - Тоқайдікі болса, Тоқайдың тілін қалыптастырған - Орал ғой!
Ғабдолла Тоқайдың Оралдағы ұстазы, Қайырдағы әл-Асқар университетін бітірген ғұлама Мүтиғолла Тухватуллинннің үйі бүгінде Тоқай музейіне айналған. Марат Рафаилұлы осы музейдің ашылуына республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тікелей пәрмен бергенін ризашылықпен еске алады. Нұрсұлтан Назарбаев пен Татарстанның көп жылғы басшысы Мінтемір Шаймиевтің достығы - туысқан екі халықтың бауырластығының белгісіндей.
Дәл осы Мүтиғолла хазіреттің үлкен ұлы Камильмен бірігіп Ғабдолла Тоқай Оралда «Фікір» газетін, сатиралық «Оқ» журналын шығарған екен. Тухватуллиннің кіші қызы Ғалия (Кайбицкая) әуелі туған қаласындағы татар труппасынан өнер жолын бастап, кейін КСРО мемлекеттік сыйлығын үш мәрте алған атақты опера әншісі болған. Дәл осы Орал қаласында туған татардың тағы бір атақты композиторы Назиб Жигановтың алғашқы туындыларының бірі - «Алтыншаш» операсында басты рөлді Ғалия орындапты.
Театр демекші, татар театр өнерінің негізін қалаушы Ғабдолла Қариевтің де Орал қаласына тікелей қатысы бар. Қазан қаласының төңірегіндегі өзі туған Құлбай-Марас ауылында медреседе оқып, 12 жасында құранды түгел жаттап алған шәкірт 1898 жылдары білімін жетілдіру үшін Орал қаласындағы Ғайнетдин қаридың медресесіне оқуға келіпті. Ақ Жайық жағасындағы әсем қалада он жылдай өмір сүрген Ғабдолла өзі аттас Тоқаймен танысып, дос болып кетеді. Олардың бойында еркін ойлы, ағартушылық идеялардың қалыптасуы да осы кез деп санайды тарихшылар. 1907 жылы Нижный Новгород қаласында ең алғашқы кәсіби татар труппасына жолыққан Ғ.Қариевтің кейінгі өмірі осы «Сайяр» театрымен тікелей байланысты. Небәрі 33 жасында көз жұмған Ғабдолла Қариев аз уақыт ішінде Мәскеу, Түмен, Орал, Қызылжар, тіпті Орта Азияның Tашкент, Қоқан, Самарқан, Әндижан қалаларын гастролмен аралайды. Жалпы, түркітілдес халықтар арасындағы театр өнерінің бастауында да осы оқиғалар тұрғандай.
-Қазіргі облыстық білім басқармасының ғимараты бұрын «Қазан» қонақ үйі болған. Тоқай Оралдан кетердің алдында бір жыл сонда тұрыпты. Осы ғимаратта «Приказчиктер клубы» деп аталған залда 1907 жылы Орал қаласындағы татарлар мен қазақтардың ең алғашқы біріккен концерті болған. Сол зал әлі бар, акустикасы керемет! Шіркін, сол залға жөндеу жүргізіп, пайдаланса ғой! - дейді Марат Рафаилұлы.
Бүгінде мұсылман қауымға қалтқысыз қызмет қылып тұрған тарихи ғимарат - Қызыл мешітті қалпына келтірген, жоғарыда сөз болған Мүтиғолла Тухватуллиннің көне үйін күрделі жөндеуден өткізіп, әп-әдемі музей етіп ұстап отырған татар диаспорасының ұйымшылдығына таң қалып, қызығуға болады. Музей жанынан арнайы салынған ғимаратта татар ұлттық мәдени орталығының кеңсесі, үлкен залы, кітапханасы жұмыс істеп тұр. Мұнда «Ялкын» фольклорлық ансамблі апта сайын жиналып, дайындығын шыңдайды. Жексенбілік мектепте татар тілін, салт-дәстүрін үйрету курстары өткізіледі. Осы орталықтың бас демеушісі, Оралдағы белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Ришат Хайруллин - Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі. Ассамблеяның ХVІІ сессиясына ол да қатысады.
-Биыл Ғабдолла Тоқайдың 125 жылдығына орай бізде көптеген шара жоспарланған. Тәуелсіз Қазақстанның 20 жылдығын атап өтетін мерейлі жылда ағайын қос халықтың қуанышы қатар келуі тегін емес, - дейді музей директоры М.Багаутдинов.