ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрына атақты актриса Хадиша Бөкееваның есімі берілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Бұл туралы Twitter желісінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов жазды. «Бүгін Үкімет отырысында тиісті қаулы қабылданды. Құтты болсын!», деп, Ақ Жайық жұртшылығын құттықтаған өңір басшысы биыл КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Хадиша Бөкееваның 100 жылдығы тойланғанын еске салды.
Сонымен қатар облыс басшысы Алтай Көлгінов Үкімет қаулысына сәйкес Батыс Қазақстан облыстық мәдениет және өнер орталығына ақиық ақын Қадыр Мырза Әлидің, Оралдағы №30 орта мектепке қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың есімі ресми түрде берілгенін хабарлады.
Фото auezov-theatre.kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).