ОРАЛ. KAZINFORM – Мәншүк Мәметова атындағы Орал халықаралық әуежайынан Шымкентке 4 маусымнан бастап маусымдық рейстер ашылады.
«Орал халықаралық әуежайы» ЖШС-ның баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, рейстер аптасына екі рет, сейсенбі және жұма күндері қатынайды.
Еліміздегі ең үлкен мегаполиске ұшуды Fly Arystan лоукостері 180-орындық Airbus А-320 заманауи әуе лайнерлерінде орындайды. Рейстер жаз айына жоспарланған.
«Біз үшін басты мақсаттың бірі – ел ішінде сұранысқа ие бағыттар бойынша тікелей рейстердің санын арттыру. Соның бірі – Шымкент», - деп атап өтті әуежайдың бас директоры Рустам Бектеміров.
Билеттер FlyArystan әуе компаниясының сайтында сатылып жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралға бет алған ұшақта жүрегі ұстаған жолаушыға көмектескен дәрігердің кім екені анықталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).