Оралдық дзюдошы Фатима Сұпығалиева Азия ойындарында жеңіс тұғырына көтерілді

АСТАНА. KAZINFORM – Манама қаласында (Бахрейн) өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында Қазақстан құрамасының намысын қорғаған оралдық спортшы Фатима Сұпығалиева дзюдодан алтын жүлдеге қол жеткізді.

Фото: БҚО әкімдігі

52 келі салмақ дәрежесінде белдескен жерлесіміз жарыс барысында барлық қарсыласынан басым түсіп, финалда Қырғызстан өкілі Милена Боруболотованы иппон тәсілі арқылы жеңіп, Азия чемпионы болды. 

Фото: БҚО әкімдігі

БҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов Фатима Сұпығалиева болашағынан зор үміт күттіретін спортшылардың бірі екенін айтып, оны халықаралық бәсекедегі айтулы жеңісімен құттықтады. 

– Фатиманың жүйелі жаттығуына, тұрақты жарыстарға қатысуына басқарма тарапынан бар жағдайды жасап отырмыз. Сондай-ақ БҚО Дзюдо федерациясы тарапынан да үздіксіз қолдау көрсетіліп келеді. Спортшы жақын арада Жапонияға жаттығуға аттанады. Оны алда үлкен додалар күтіп тұр. Әлем, Азия чемпионаттарына қатысып, жеңіске жететініне сеніміміз мол, - деді ол.

Фатима Сұпығалиева бұған дейін де бірнеше республикалық және халықаралық жарыстарда топ жарған. Азия ойындарындағы бұл жетістік – оның спорттық жолындағы ірі белестерінің бірі.