ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қалалық № 2 сотында туристік фирмаға қатысты іс қаралды. БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 2024 жылы тамызда Орал қаласының тұрғыны туристік фирма арқылы Таиландқа 1 млн 082,358 мың тұратын жолдама сатып алған. Сондай-ақ бұған оның төрт досы да қосылған. Барлығы бес адам «География» ЖК арқылы жолдама алған.
Кейін турагент туроператордың жүйесіндегі қателікке байланысты құжаттар рәсімделмегенін айтып, қаржыны қайтарамын деп уәде еткен. Жәбірленушілер келісім-шартты бұзып, қаржыны қайтаруды өтінгенімен, жауап келмеген.
Туристік фирма өкілі онлайн-мәжіліске қатыспады.
— Сот аталған ЖК-мен келісім-шартты бұзып, жәбірленушілердің пайдасына мынадай соманы өндіру туралы қаулы шығарды. Үш жәбірленушінің әрқайсысына 1 млн 081,211 теңге, өкілдің қызметі үшін 108 мың, нотариусқа төлем ретінде 4 061 теңге, 10 812 теңгеден мемлекеттік баж салығын өндірді. Төртінші тұрғынға 662,5 мың теңге, 6 640 теңге мемлекеттік баж салығы, бесінші адамға 662,5 мың теңге мен 6 640 теңге баж салығына қоса өкілдің қызметі үшін 63 мың теңге, барлығын қосқанда, 5 жәбірленушіге 5 млн теңге өндірілді, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО тұрғыны 11 млн теңге пәтер құнын сот арқылы өндіріп алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).