Оралдықтарға 4 халықаралық бағыт қолжетімді болады
ОРАЛ. KAZINFORM — Мәншүк Мәметова атындағы Орал халықаралық әуежайынан көктем-жаз кезінде Астана, Алматы және Ақтауға қатынайтын рейстер саны артады.
«Орал халықаралық әуежайы» ЖШС-ның баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 25 қазанға дейін созылатын жазғы навигация кезеңінде әуежай жолаушыларына 6 ішкі және 4 халықаралық бағыт қолжетімді болады.
Айталық, 3 маусымнан Шымкентке ұшу қайта басталады, рейстер аптасына екі рет, сейсенбі және сенбі күндері жоспарланған. Сондай-ақ Түркістанға рейстер жалғасады. Рейстерді аптасына екі рет, сәрсенбі және сенбі күндері Scat әуекомпаниясы жүзеге асырады. Ең танымал жазғы бағыттардың бірі Ақтау қаласына да рейстер саны артады. Қазіргі уақытта Орал қаласынан Каспий теңізінің жағалауына аптасына үш рет ұшуға мүмкіндік болса, жазда рейстер саны беске дейін жетеді.
Компания мәліметіне қарағанда, 20 мамырдан бастап Астана мен Алматыға рейстер саны біртіндеп көбейеді. Қазір бұл қалаларға жолаушылар күн сайын ұшады. Жаз бойы тағы 7 қосымша рейс енгізіледі.
— Осы көктем-жаз маусымында Орал әуежайында төрт халықаралық бағыт қолжетімді болады. Бұл Майндағы Франкфуртқа тұрақты рейс, Шарм-эль-Шейх пен Анталияға ұшатын чартерлік рейстер. Scat әуекомпаниясының Boeing-737 ұшағы мысырлық Шарм-эль-Шейхке жеткізсе, FlyArystan әуекомпаниясының Airbus A320 пен Scat әуекомпаниясының ұшақтары түрік жағалауына алып барады. Биылғы жазғы маусымдағы жаңа бағыт — ресейлік Iraero әуекомпаниясы орындайтын әйгілі Сочи курортына ұшатын рейс. Бірінші рейс 5 маусымға жоспарланған. Өткен жылмен салыстырғанда, Орал әуежайынан ұшу қарқындылығы өспекші, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал әуежайынан қатынайтын рейстер саны артатынын жазған едік.