Оралдың қауіпті тұстарында 27 шақырымға жуық бөгет биіктетіліп жатыр

Фото: Фото: Орал қаласы әкімдігі

ОРАЛ. KAZINFORM — Су тасқынына байланысты Орал қаласының қауіпті аумақтарында жалпы ұзындығы 26,9 шақырым бөгет биіктетіліп жатыр.

Орал қаласы әкімдігінен мәлім еткендей, бұл жұмысқа 6 мыңнан астам адам жұмылдырылды. 

Жергілікті атқарушы орган, төтенше жағдайлар және әскери қызметкерлермен бірге қала тұрғындары мен еріктілер су тасқынына қарсы жұмысқа ерекше үлес қосуда. 

Фото: Орал қаласы әкімдігі

«Бөгетті нығайту, қорғаныс үйінділерін салу бойынша 500 техника екі ауысымда 15 қауіпті учаскеде жұмыс жасауда. Соның ішінде басқа өңірлерден көмекке келген 300-дей арнайы техника тартылды. Жағалауды бекіту үшін „Орал транс“ өндіріс цехының аумағында қапшықтар дайындалып жатыр. Мыңдаған адам қапшықтарды құммен толтыру жұмысына атсалысуда. Күніне шамамен 40 мыңдай қапшық әзірленіп, қажетті жерлерге жеткізіледі. Күні бүгінге дейін су тасқынына қарсы жұмысқа 900 мыңнан астам қапшық пайдаланылған» деп хабарлады ведомстводан. 

Қазіргі таңда облыс орталығында 10 эвакуациялық пунктте 2 мыңнан астам тұрғын орналастырылған.

Фото: Орал қаласы әкімдігі

Оған қосымша 3 мың орын әзірленді.

Қала әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, су тасқыны салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды есептеу және өтеу жөніндегі комиссияға тұрғындардан өтініштің көп түсуіне байланысты қосымша тағы 4 орын ашылды.

Бұған дейін «Тең қоғам» орталығы (М.Ықсанов көшесі, 46/1) ғана жұмыс істеп келсе, күні бүгін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының «Ашық әкімдік» секторы (Жәңгір хан көшесі, 160), облыстық халық шығармашылығы орталығы (Гагарин көшесі, 105/3), Деркөл кенті әкімдігі (Даль көшесі, 38) және Орал қаласының мансап орталығында (Құрманғазы көшесі, 173а) тұрғындардан өтініш қабылданып жатыр. 

Фото: Орал қаласы әкімдігі

Еске сала кетейік, бұдан бұрын су тасқынына байланысты БҚО-да апаттық-құтқару жұмыстарына 8 200-ден астам адам жұмылдырылғанын жазған едік. 

Фото: Орал қаласы әкімдігі