ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда 35 жастағы әйел алтыншы қабаттан секіріп кетпек болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 27 қазан күні шамамен сағат 01.37-де Д.Қонаев шағынауданы 60-үйде болды.
Азаматтық некедегі күйеуімен сөзге келген 1986 жылғы әйел балконнан секіремін деп қорқытқан. Сол сәтте аяғы тайып кетіп, құлап бара жатқан әйелді күйеуі ұстап үлгеріп, құтқарып қалған.
Аталған әйелмен профилактикалық мақсатта әңгіме жүргізілді.
Сонымен қатар бұл отбасының жалдамалы пәтерде тіркеусіз тұратыны анықталды. Соған байланысты жалға беруші мен жалға алушыға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 493 және 492-баптарына сәйкес хаттама толтырылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да учаскелік полиция инспекторының мал ұрлады деген күдікпен ұсталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).