ОРАЛ. Қыркүйектің 8-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Оралдық ағайынды саяхатшылар Александр мен Сергей Синельниктер Сахара мен Гоби шөлдерін жаяу бағындырмақ ниетте,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Таяуда егіздің кішісі Сергей Синельник Солтүстік мұзды мұхитты қайықпен бағындыруға арналған халықаралық экспедицияға қатысып қайтты. Қазақстан, Ресей және Финляндия саяхатшылары мінген «Лена» қайығы Рейкьявик қаласынан шығып, Шотланд аралдары арқылы Балтық бойына бағыт алған. Сапардың бұл жолы да қауіпті тұстары мол болғанымен, сәтті аяқталды.
Әдетте ағайынды Синельниктер сапарға бірге шығады. Олар осы кезге дейін әлемнің алпыстан астам елінде болып, 10 мың шақырым қашықтықты жолсызбен жүріп өткен. Бұрын шөл далаға мотоциклмен, мұхитқа қайықпен шықса, енді екі аяққа да сенім артпақшы.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).