Облыстық соттың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, бұл кітап - автордың 2002 жылы Оралдың «Дастан» баспа-полиграфия корпорациясы» ААҚ баспаханасынан басылып шыққан «Сол бір сүргін» тарихи-деректі, публицистикалық шығармасының толықтырылған нұсқасы. 1937 жылғы жапай қуғын-сүргіннің 80 жылдығына орай жаңғыртылып, жаңа атпен шыққан бұл туындыда өлке тарихының ақтаңдақ беттерінің елеулі оқиғасы жан-жақты қозғалады. Кезінде қоғамдық серпіліс туғызып, қалың оқырман серпіліспен, жылы қабылдаған және деректері бүгінде ғылыми айналымға жол тартқан шығармада Ұлы Отан соғысы қарсаңында Жалпақтал өңірінде құрылып, соғыс басталған жылы тұтқындалған «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» деп аталатын жасырын жастар ұйымының астыртын қызметі мен жазаланып, Кеңестер Одағы тұсында саяси қуғын-сүргінді бастан өткерген ұйым мүшелерінің қилы тағдыры, кітап жарыққа шыққаннан кейін боздақтарды мәңгі есте қалдыру бағытында атқарылған нақты іс-шаралар баяндалады.
Кітаптың жаңа нұсқасында Жалпақтал оқиғасына қатысты мерзімдік басылымдарда жарық көрген үнқатыстар мен ойбөлісулер, ұлт ұландарының ұрпақтары, жерлестері мен ағайын туысқандарының естеліктері, бастапқы ғылыми жобалар мен ізденістер, шығарманың аса тартысты жағдайда жарыққа шығуының тарихы, кейіпкерлермен хат алысулар және басқа материалдар бар. Кітапта ұлт-азаттық қозғалысына тәуелсіздік тұрғысында баға берудің жаңа методологиясын парықтауға жетелейтін соны көзқарастар да айтылады.
«Қазақ халқын қорғаушылар одағы» ұйымы туралы деректің 2007 жылы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің бекітуімен 11 сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығына еніп, өлкетанудың қосымша пән сағатына қосылуы бұл шығармаға сұранысты ұлғайта түскендігі ескеріліп, туынды «Қорғаймын!» деп қазақты...» деген атаумен оқырманға қайтадан жол тартып отыр.