Оралдық Каспи терминалын ұрлап, сатып жіберген

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында тұрғын мас күйінде «Kaspi Pay» терминалын ұрлап алып, сатып жіберген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, қаладағы дүкендердің бірінде белгісіз біреу төлем қабылдайтын кассада жатқан «Kaspi Pay» терминалын білдіртпей жымқырып кеткен. Оның бұл әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

«Жедел іздестіру іс-шаралары барысында 1983 жылғы қала тұрғыны анықталып, ұсталды. Тексеру барысында оның бұдан бұрын да қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Күдікті терминалды төмен бағамен сатып жіберген. Ол қылмысты жасаған кезде мас күйінде болған. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 188-бабы 1-бөлігіне (ұрлық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», деп хабарлады ведомстводан.



Еске сала кетейік, бұдан бұрын оралдық тұрғынның Арменияда ұрланған автокөлікті заңдастырғысы келгенін жазған болатынбыз.

Видео – БҚО полиция департаменті