Оралдық құтқарушылар бес жасар баланы суға кетуден аман алып қалды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралдық құтқарушылар суға батып бара жатқан бес жасар баланы құтқарып қалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО ТЖ департаменті жедел құтқару жасағының бас құтқарушы-психологы Ләйла Әбдірахманованың айтуынша, Шымкент қаласынан келген қонақтар қалалық мәдениет және демалыс саябағындағы су жағасында демалған. Күн ыстық болғандықтан, балалар өзенге шомылуға түскен. Сол кезде бес жасар бала суға тұншығып, бата бастайды. Өзен жағалауында тұрған әкесі көмекке шақырады.



Жағажайда кезекшілікте жүрген №3 құтқару бөлімшесінің жетекшісі Мәрлен Берқалиев пен құтқарушы Бекжан Айтқалиев баланы судан алып шығып, алғашқы көмек көрсетіп, ата-анасына табыстады.

Мұндай оқиға қалалық саябақта осымен екінші рет болып отыр. Бұдан бұрын 13 маусым күні осы саябақта кезекшілік жұмыстары кезінде құтқарушы Азамат Қылышев пен құтқарушы-медик Ақылбек Сайынов 12 жасар баланы суға кетуден аман алып қалған болатын.

Айта кетейік, өңірде үш күннен бері күн ысып тұр. Сондықтан суға түсушілердің көбейетіні белгілі. Мұндай кезде қауіпсіздік шараларын сақтамаса болмайды. Әсіресе, балаларды қараусыз қалдырмау керек. Облыста 2015 жылы 29 адам суға кетсе, соның 13-і - балалар. Өткен жылы 20 адам (9-ы - балалар) «тілсіз жаудың» құрбаны болды.