ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласындағы №4 орта мектептің 4-сынып оқушысы Расул Құбашев Астана қаласында мәреге жеткен ХІ халықаралық «Ақ көгершін» балалар шығармашылығы фестиваль-байқауында бірінші орынды иеленді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Осы жаңалықпен бөліскен аталмыш мектеп директоры Мәулен Ділмағамбетовтің айтуынша, Расул мәнерлеп оқу аталымы бойынша сынға түсіп, озып шықты. Жас дарын Қалқаман Сариннің «Тәуелсіздік» және Ғайсағали Сейтақтың «Қазағым, қайда барасың?» атты өлеңін нақышына келтіре оқыды.
Р.Құбашевтің жетекшісі Арман Базаров та үздік ұстаз ретінде марапатталды.
«Бұл біздің мектебіміз үшін үлкен қуаныш болып отыр. Расул Құбашевтің алдағы додаларда да оза шабарына сенім мол», деді М.Ділмағамбетов.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).