Оралдық озат түлек Назарбаев Университетінің грантын ұтып алды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласындағы №41 мектеп-лицейінің биылғы түлегі, «Алтын белгіге» үміткер Мерей Қонақбаева Назарбаев Университетінің грантын ұтып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО білім басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткендей, тағы бір түлек отандық оқу орнын таңдап, мақсатына қол жеткізіп отыр.

Мерейдің сөзіне қарағанда, Назарбаев Университетіне түсуді 11-сыныптың басында-ақ мақсат еткен.

Содан кейін университет туралы толық ақпарат жинақтап, емтихандарына дайындала бастаған.

«Назарбаев университетіне оқуға түсу үшін екі емтиханнан өту керек, біріншісі ағылшыннан біліміңді тексеру мақсатында IЕLTS немесе Duolingo English Test тапсыру қажет. Мен Duolingo English Test сынағын өткен жылдың желтоқсан айында тапсырып, жоғары балл жинап, екінші тур NUFYPET-ке өттім. NUFYPET – бұл маңызды, шешуші емтихан, мұнда математика және сыни тұрғыдан тест тапсыру қажет. Бұл тестке екі ай шамасында дайындалып, қалаған деңгейдегі балл жинадым. Аталған тест ҰБТ-дан өзгеше болғанымен, оған дайындалу өзім үшін қызықты болды. Ең бастысы, алдына мақсат қоя білсе, кім-кім үшін де алынбайтын асу жоқ деп ойлаймын», деді Мерей Қонақбаева.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын 140 балдық сертификатқа ие болған екі түлектің отандық ЖОО-ны таңдағанын жазған болатынбыз.