ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралдық тұрғынның «жоғалған» 17 млн теңгесін полиция қызметкері тауып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 20 мамыр күні болды.
Оралдық тұрғын сағат 16.30-да 102 телефонына хабарласып, үйінде сақтап қойған 17 млн теңгесінің жоғалып кеткенін айтады.
Оқиға орнына келген Орал қаласы полиция басқармасының тәжірибелі қызметкерлерінен құралған жедел тергеу тобы ақшаны іздеуге кіріседі.
Техник-криминалист, полиция сержанты Ғайнеден Ғұмаров әжетханаға кіріп, мұқият қараған кезде пакетті көзі шалады. Сонда оралдық тұрғынның 2006 жылдан бері үй аламын деп жинаған қаржысы салынған екен.
Кейін мәлім болғанындай, оралдық тұрғын ақшасын қайда жасырғанын ұмытып қалған. Содан кейін оны ұрланып кетті деп ойлап, полицияға хабар берген.
Айта кетейік, Ғ.Ғұмаров полиция сапына 2008 жылы кірген. Аталған қызметін 2016 жылдың қарашасынан бері атқарып келеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).