Оралдық тұрғынды өртеп жібергендерге сот үкімі шықты

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен 22 жастағы Алексей Калашников пен оның 32 жастағы өгей әкесі Алексей Хватов ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлімі 3, 5, 7-тармақтарына сәйкес (алдын ала сөз байласып, адамдар тобымен дәрменсіз күйде екені көрінеу белгілі адамды аса қатыгездікпен өлтіру) айыпты деп танылып, ұзақ мерзімге бас бостандықтарынан айырылды,  деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Алқабилердің қатысуымен өткен сот талқысында белгілі болғанындай, А.Калашников оған қоса ұрлық та жасап үлгерген. Сол себепті ол ҚР ҚК 175-бабы бойынша да айыпталып, түпкілікті кесім - 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қатаң тәртіптегі колонияда өтеуге сотталды. Ал 18 жылға кесілген А.Хватов мәжбүрлі түрде маскүнемдіктен де емделетін болады.

Тергеу барысында анықталғанындай, өткен жылдың 26 тамызы күні кешкісін аталған екеу арақ ішіп, мас күйінде сағат 23.00 шамасында «Рустам» азық-түлік дүкенінен Бирюковамен шығып келе жатқан 45 жастағы Берік Имановты кездестіреді. Сол бойда оған байланған Калашников шыны шөлмекпен басынан ұрады. Иманов қашып кеткенмен, Бирюкова сотталушылармен қалуға мәжбүр болады. Қаскөйлердің қысымымен әйел Иманов тұрған үйді көрсетеді. Ол мезгілде үй ауласында Иманов пен жолдасы Октанов ұйықтап жатады. Алдымен Калашников Октановты ұрғанда, ол ес-түсінен айырылып қалады. Содан кейін екеуі Имановқа кіріседі. Оны ұрып-соғып, ес-түссіз күйінде сарайға апарып, үстіне жанар-жағар май құйып, өртеп жібереді. Өртті көрген көршілер жедел жәрдем мен полицияны шақырғанымен, марқұм ауруханада қайтыс болады.

Тергеу кезінде Хватов Имановтың оның көңілдесімен қарым-қатынаста болғаны жөнінде өсек-аяңды естіп, қызғаныштан қылмысқа барғандығын алға тартқанымен, бұл уәжі ештеңемен дәлелденбеді. Кейін Калашников тергеушінің кабинетінен сытылып шығып, екінші қабаттан секіріп, қашып та кеткен. Сосын дүкеннен ірі көлемдегі ұрлық та жасаған. Бірақ бәрібір құтылмады.

Айта кетейік, Калашников бұған дейін бұзақылығы, адам бопсалағаны және ауыр дене жарақатын салғаны үшін үш мәрте сотталған.