ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралдық тұрғынның медициналық масканы көтеріңкі бағамен сатқаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО экономикалық тергеулер департаментінен түскен мәліметке қарағанда, төтенше жағдай режиміне қарамастан, ол тұрғындарға 2800 масканы өткізген.
Бұдан түскен қаржы 560 мың теңгені құрады.
«Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Егер медициналық масканы көтеріңкі бағамен сату деректеріне куә болсаңыз, 8-711-2-53-84-27 телефонына хабарласуыңызды сұраймыз», делінген департамент таратқан хабарламада.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда волонтерлер көп балалы аналарға маска мен антисептиктер таратқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).