ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Оралдағы Абай алаңында Астананың 20 жылдығына орай мерекелік концерт қойылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Шараға қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов бұдан жиырма жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы тарихи шешім қабылдағанын жеткізді. Осынау уақыт ішінде Астана адам танымастай болып өзгерді. Қазіргі кезде Астана - әлемдегі әдемі қалалардың бірі. Оның болашағы бұдан да жарқын екендігіне күмән жоқ. Сол кезде Ақмолада 250 мыңдай адам тұрса, қазір ол төрт еседен астам өсті. Көп адамның күдіктенгеніне қарамастан, астананы көшірген Елбасының шешімі оның көрегендігін айдай әлемге танытты.
Астананың жиырма жылдығына орай шаһардағы шығармашылық ұжымдары өз өнерлерін ортаға салды. Жастар «Астана - 20» атауымен флешмоб көрсетсе, «Әуен» балалар тобы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде елорда туралы ән шырқады.
Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония режиссері Ақмарал Серікқалидың айтуынша, Астананың 20 жылдығына арналған шаралар бұдан кейін де жалғасатын болады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).