ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста өнер көрсететін «Ақжайық» бүгін Верхний Уфалейде «Никельщикпен» екінші матчын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ресей допты хоккей федерациясының сайтынан мәлім болғанындай, айдын иелерінің басымдылығымен өткен кездесу 5:2 есебімен аяқталды.
Ойынның 13-минутында «Ақжайықтың» капитаны Максим Өтебалиев есеп ашқанымен, одан әрі қарай «Никельщик» хоккейшілері мергендік танытты. Михаил Андреев пен Дмитрий Харитонов өз есептеріне қос голдан жазса, тағы бір допты Роман Лопатков енгізді. Қонақтардан ресейлік легионер Сергей Пантеев бір голдың авторы атанды.
Осылайша жеңілістен көз ашпай келе жатқан оралдық маман Николай Шавалдиннің шәкірттері келесі кездесулерін 7-8 желтоқсан күндері Свердлов облысының «СКСО СКА-Свердловск» командасымен өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» «Никельщикпен» бірінші кездесуінде де ұтылып қалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).