ОРАЛ. Қыркүйектің 10-ы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Қыркүйектің 9-ында П.Атоян атындағы стадионда футболдан Қазақстан чемпионаты бірінші лигасында ойнайтын Оралдың «Ақжайығы» «Түркістан» командасын қабылдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Түркістан» турнир кестесінің төменгі жағында орналасқанымен, ойын өте тартысты өтті. Қорғанысқа төрттабандап жатып алған қонақтар өз қақпасының кілтін берік ұстай білді. Ұрымтал сәттерде «Ақжайық» ойыншылары да жиі мүлт кетіп жатты. Тек 90 минут бітіп, қосымша уақыт өтіп жатқанда, төреші «Түркістанның» қақпасына он бір метрлік айып добын белгіледі. «Ақжайықтың» мерген ойыншысы Алексей Мальцев ең соңғы мүмкіндікті қалт жіберген жоқ.
Сөйтіп бұл турдан кейін оралдықтар ұпай санын 40-қа жеткізіп, «Қайратпен» бірге топ бастап келеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).