Оралдың екі тұрғыны ірі көлемде героин тасымалдағаны үшін ұсталды

None
АҚТӨБЕ. 14 ақпан. ҚазАқпарат - Ақтөбеде Оралдан келген екі есірткі сатушы ірі көлемде героинмен ұсталды.

Полицейлер есірткі сатушыларды Ақтөбе қаласының вокзалында жедел ақпарат бойынша ұстады. 34 және 58 жастағы ер адамдар, Оралдың тұрғындары «Алматы-Ақтөбе» жолаушылар пойызымен келген.

Дәрігер-проктологтың қатысуымен оларды тінту кезінде ұнтақ тәріздес зат оралған 5 контейнер табылды. Сараптамаға сәйкес, тәркіленген зат 128 грамм салмақтағы героин болып шықты.

Қазіргі уақытта есірткіні жеткізу және сату арнасы анықталуда.

Онымен бірге ҚР ҚК-нің 259 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер қамауға алынды.

Жыл басынан ІІД есірткіге қарсы басқармасының қызметкерлері 1,5 келіден астам есірткі заты тәркілеп, 17 есірткі қылмысын тіркеді.